Қазақстан футбол федерациясының медиасеріктесі қарыз мәселесіне байланысты футзал матчтарының трансляциясын тоқтататынын мәлімдеді. Бұл туралы BAS Pro компаниясының бас директоры Ақылбек Досжанов әлеуметтік желіде жазды, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Оның айтуынша, федерация бес айдан бері төлем жасамаған, ал қарыз көлемі 100 миллион теңгеден асқан.
"Ертеңгі футзал трансляциясы болмайды. Федерация бес ай бойы ақша төлемей отыр. Біз Б. Сафин мен М. Омаровқа қанша рет жүгінсек те нәтиже жоқ", – деді ол.
Ақылбек Досжановтың сөзінше, қарыздың жиналуына байланысты компания матчтарды көрсетуді тоқтатуға мәжбүр. Бұған дейін, наурыз айының соңында BAS Pro Қазақстан Премьер-лигасының трансляцияларын қаржыландыру қысқарғанын да хабарлаған еді. Сол кезде төменгі лига ойындарының көрсетілімі басқа компанияға берілгенімен, сапаға байланысты келісімшарт кейін бұзылған.
Сонымен қатар, түсірілім жұмыстарына қатысқан қызметкерлердің жалақысы да бірнеше ай бойы төленбегені айтылуда. Мәліметтерге қарағанда, Орал, Атырау, Ақтау, Ақтөбе және өзге қалалардағы мамандар шамамен бес айдан бері еңбекақыларын ала алмаған.
Өтініш авторлары жауапты тұлғалардан қарызды өтеудің нақты мерзімін жариялауды талап етіп отыр.