Кеңес Одағының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Татьяна Тарасова ауруханаға түсіп қалды. Оның жағдайы туралы ТАСС агенттігіне жиені Алексей Тарасов хабарлаған, деп жазады Sportinside.kz.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта бапкер стационарда ем қабылдап жатыр. Жағдайы тұрақты, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
"Ол әзірге ауруханада ем алып жатыр. Алайда алаңдайтындай ештеңе жоқ, жақын арада үйіне оралады. Барлығы қалыпты", – деді ол.
Қазір 79 жастағы Татьяна Тарасова – халықаралық дәрежедегі спорт шебері әрі мәнерлеп сырғанаудағы ең танымал тұлғалардың бірі.
1975 жылы оған КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағы берілген. Оның шәкірттері арасында Олимпиада чемпиондары – Алексей Ягудин, Ирина Роднина мен Александр Зайцев, сондай-ақ Наталья Бестемьянова мен Андрей Букин, Оксана Грищук және Евгений Платов бар.
2008 жылы Тарасова мәнерлеп сырғанаудың әлемдік Даңқ залына енгізілген.
Mash телеграм-арнасының мәліметінше, Татьяна Анатольевна ауыр науқасқа шалдыққан. Қазіргі уақытта ол жансақтау бөлімінде жатыр, алайда дәрігерлер оның жағдайын тұрақтандырған.
Айта кетейік, 2025 жылдың шілдесінде Тарасова режиссер Александр Миттамен қоштасу рәсіміне мүгедектер арбасымен келіп, сөйлеуі мен тыныс алуы қиындағаны байқалған еді.