Қазақ боксшысы финалдық жекпе-жекте күтпеген нәтижеге тап болды

Бүгін, 00:16 / Ахмет Қанатұлы
instagram.com/amankonsbekov. Суретте: Cәкен Бибосынов және Аман Қонысбеков

Қазақ боксшысы Аман Қонысбеков Испанияның Ла-Нусия қаласында өткен Boxam Elite-2026 халықаралық турнирінің финалдық жекпе-жегін өткізді, деп хабарлайды Sportinside.kz.

75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын жүлде үшін өткен айқаста қазақ боксшысы үндістандық Акашпен жұдырықтасты. Жекпе-жек төрешілердің шешімімен (2:3) Аман Қонысбековтің жеңілісімен аяқталды. Айта кетерлігі, екі раундтың қорытындысы бойынша ол 4:1 есебімен алда болған.

Осылайша, Аман Қонысбеков Испаниядағы халықаралық турнирде күміс жүлдеге ие болды.

Аман Қонысбеков –  2025 жылы Шри-Ланкада өткен жастар арасындағы Азия чемпионатының (U-22) жеңімпазы, сондай-ақ 2025 жылғы Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері. Бұл –  оның Өзбекстан азаматтығынан Қазақстан азаматтығына ауысқаннан кейінгі ел ішіндегі алғашқы ірі жетістігі.

Ал үндістандық боксшы Акаш –  2023 жылғы Үндістан чемпионы, сондай-ақ 2021 және 2023 жылдардағы әлем чемпионаттарының қатысушысы. 2023 жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатында ол 1/8 финалға дейін жетіп, осы кезеңде қазақ боксшысы Дулат Бекбауовқа жол берді.

Егер Аман Қонысбеков финалда жеңіске жеткенде, Қазақстан құрамасының еншісінде Испаниядағы турнирде бес алтын медаль болар еді.

Тэгтер:

Бокс финал Аман Қонысбеков Boxam Elite-2026 Cәкен Бибосынов күміс медаль