162 млн теңге: Абай Бегейдің қызы мен күйеу баласы қамауға алынды

19 маусым, 2025 / Ахмет Қанатұлы

Ақтау қаласында танымал әнші Абай Бегейдің қызы Гүлеркем Ниязқұлова мен оның күйеуі заңсыз онлайн-лотерея ұйымдастырғаны үшін қамауға алынды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.

Агенттік таратқан мәліметке сәйкес, ерлі-зайыптылар Instagram, TikTok және Telegram желілері арқылы 850 мыңнан астам жазылушы жинап, лотерея арқылы автокөлік, пәтер, бағалы сыйлықтарды ұтысқа салған.

Алайда олар Қазақстан заңына сәйкес тіркелмеген лотерея операторы ретінде әрекет еткен. Қатысушылар лотереяға 500-ден 50 000 теңгеге дейінгі билеттерді (цифрлық нөмір) сатып алып қатысқан.

🔍 Алдын ала есеп бойынша, таза заңсыз табыс 162 млн теңгеден асқан.

Қазіргі уақытта ерлі-зайыптыларға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, басқа мәліметтер әзірге жария етілмейді.

🎤 Абай Бегей бұл мәселеге қатысты әзірге ешқандай пікір білдірген жоқ.