"Өлім мен өмір арасында": Еркебұлан Тоқтар Америкада оққа ұшуға сәл қалды

4 ақпан, 2026 / Ахмет Қанатұлы
ашық дереккөзден. Суретте: Еркебұлан Тоқтар

Актер әрі спортшы Еркебұлан Тоқтар АҚШ-та жаттығу барысында өміріне қауіп төнген тосын жағдай туралы баяндады. Қазіргі таңда ол алдағы жекпе-жегіне дайындық жүргізу үшін Америкада жүр, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Спортшының айтуынша, ол бокс залын іздеп жүріп, жексенбі күн екенін ескермей қалған. Әлемге әйгілі Энтони Джошуа мен Тайсон Фьюри жаттығатын залды тауып, ішін көрмек болған. Алайда нысанның жабық екенін байқамай, артқы есік арқылы кіріп кеткен.

Ғимарат ішінде жүрген кезде белгісіз бір адам келіп, олардың не мақсатпен жүргенін сұраған. Кейін бұл аумақтың жеке меншік екенін түсінген.

"Егер сендерді ұры деп ойласам, атып тастауға құқым бар. Ол үшін ешкім мені соттамайды", – деген сөзді естідік", – дейді Еркебұлан.

Оқиғаның мән-жайын түсіндіріп, демалыс күні екенін білмегендерін айтқан спортшы серіктерімен бірге бұл жерден дереу кетіп қалған. Кейін ол Instagram сторисінде бұл жағдаймен бөлісіп, АҚШ-та көптеген адамдардың қарумен жүруге заңды құқығы бар екенін, сондай-ақ қандай жағдайда оқ атуға рұқсат етілетінін айтып өтті.

Бұған дейін ММА жекпе-жек шебері Еркебұлан Тоқтар АҚШ-та полицияға ұсталып қалғанын жазған едік.

Тэгтер:

АҚШ Жекпе-жек файтер Еркебұлан Тоқтар Америка