Бокстан Өзбекстан құрамасының өкілі, этникалық қазақ Саят Ілиясов Қазақстанға қоныс аударды, деп Sportinside.kz тілшісі Sportbugin.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Аталған ақпаратты бокстан әлем чемпионы Ердос Жаңабергенов растады. Оның айтуынша, Саяттың Қазақстанға келгеніне әзірге бірнеше күн ғана болған.
"Қазір барлық бұқаралық ақпарат құралдары шулап жатыр. Өзбекстаннан боксшы келсе, ел ерекше назар аударатыны түсінікті. Бірақ кейбір жаңалықты жазарда мәселенің ақ-қарасын біліп алған дұрыс. Қазір Саятқа қатысты түрлі ақпарат желіні шарлап жүр. Саяттың Ақтауға келгені рас. Тіпті, көшіп келгеніне бір апта да болған жоқ. Әлі Қазақстан азаматтығын алмады. Ішкі жарыстарға қатысу үшін алдымен азаматтық алу керек. Бүгінде сол құжаттардың шаруасымен жүр. Ақтауда жаттығады. Әзірге, Қазақстанға өзі келді. Ата-анасы жұмыс бабымен сәл кейінірек көшіп келеді", – деді Жаңабергенов.
Айта кетейік, Саят Ілиясов Өзбекстан құрамасының сапында өнер көрсетіп, жастар арасында Азия чемпионы атанған. Сол жарыстың финалында ол қазақстандық Илья Калининді жеңген. Сонымен қатар "Жібек жолы" халықаралық турнирінің жеңімпазы атанған. Ал IBA ұйымдастырған әлем біріншілігінде қырғызстандық Омар Ливазға ұпай айырмасымен жол берген.
Қазіргі таңда әлеуметтік желіде Саят Ілиясовтың белгілі бапкер Марат Жакиевтің жетекшілігімен жаттығып жүргені туралы ақпарат та тарауда.