Қазақстандық актер әрі ММА жекпе-жек шебері Еркебұлан Тоқтар АҚШ-та полицияға ұсталып қалды, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Тоқтардың айтуынша, оқиға Майами қаласынан шамамен үш жарым сағаттық жерде болған.
"Достар, кеше мені жол полициясы тоқтатқан тағы бір жағдайды айтайын. Ол жерден Майамиге жетуге бір сағаттай ғана қалған еді. Дәретханаға қатты барғым келіп, газды бастым. Басып озуға шықтым да, сол сәтте қарсы беттен бір көлік келе жатты. Қарасам, әйнектері қараңғы, есігінде "Sheriff" деп жазылған. "Жарайды" деп, бәрібір басып оздым да, жолын кесіп өттім. Сол сәтте ол жарық белгісін қосты. Маягын қосқан соң бірден тоқтадым да, қолымды рөлге қойып отырдым. Мұнда бәрі қарулы ғой, видео көрген шығарсыздар – атыс басталып кетуі мүмкін, полиция да сақ. Отырдым, күттім. Сосын ол қолында фонарімен, тура кинодағыдай жақындап келді де: "Мен шерифпін. Сен мені басып озбақ болдың ба?" деді. Мен: "Сіздің шериф екеніңізді көргенде, кеш болып кеткен еді" деп жауап бердім", – деді спортшы Instagram парақшасында.
Файтердің айтуынша, кейін ол барлық құжаттарын көрсетіп, Ташкентте өткен өзбекстандық Тимур Никулинмен болған жекпе-жегінің үзіндісін де көрсеткен. Нәтижесінде полиция қызметкері жылдамдықты асырмау керектігін ескертіп, қазақстандық спортшыны жібере салған.
Айта кетейік, бұған дейін Еркебұлан Тоқтар Алматыдан Майамиге ұшып келген. Ол алдағы жекпе-жекке дайындықты АҚШ-та өткізеді. Тоқтар өзбекстандық ММА файтері Шахзод Узоков ("Голд" лақап атымен танымал) қарсы жекпе-жекке келісімшартқа қол қойған. Кездесудің нақты күні әзірге белгісіз.