Санжар Тәшкенбай Олимпиададан қағыла ма? Екі дүркін әлем чемпионына қатысты шұғыл хабар шықты

17 қаңтар, 2026 / Ахмет Қанатұлы
Спортты дамыту дирекциясы. Суретте: Санжар Тәшкенбай

Бокстан Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері Дамир Буданбеков еліміздегі олимпиадалық салмақтар төңірегінде өз болжамын айтты, деп Sportinside.kz тілшісі Sportbugin.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Еске сала кетейік, Қазақстан ұлттық құрамасының жаңа бас бапкері болып Нұржан Насанов тағайындалды. Ол 48 келіде екі дүркін әлем чемпионы атанған Санжар Тәшкенбайдың жеке жаттықтырушысы. Осыған байланысты Санжардың енді олимпиадалық салмаққа ауысу ықтималдығы жиі талқыланып жүр.

Буданбековтің айтуынша, 55 келі салмақ – Қазақстанда бәсекесі өте жоғары дивизиондардың бірі.

"55 келі салмақта мықтыларымыз көп. Махмұд Сабырхан World Boxing бойынша әлем чемпионы, Сәкен Бибосынов IBA бойынша әлем чемпионы. Одан бөлек, тағы да талантты боксшылар бар. 48 келіде екі дүркін әлем чемпионы атанған Санжар Тәшкенбай да осы салмаққа ауысуы мүмкін деп ойлаймын. Өйткені, кім болса да Олимпиадаға қатысуды армандайды", – деді ол.

Сонымен қатар тәжірибелі маман ұлттық құрамада бас бапкердің жеке шәкірті болмауы керек деген Қазақстан бокс федерациясы ұстанымына да тоқталды.

"Қайрат Сәтжанов 2024 жылы команданы қолға алғанда, бас бапкердің жеке шәкірті болмауы керек деп айтты. Қазіргі бас бапкердің жеке шәкірті бар. Онда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын.  Бұл ұстаным 2024 жылы айтылды, ал қазір 2026 жыл", – деді Дамир Буданбеков.

Тэгтер:

Бокс Олимпиада бапкер Санжар Тәшкенбай