Fight Nights ұйымының президенті Камил Гаджиев MMA.Metaratings.ru сайтына берген эксклюзивті сұхбатында еркін күрестен екі дүркін Олимпиада чемпионы Абдулрашид Садулаевтың АҚШ-та турнирлер өткізетін кәсіби RAF лигасымен келісімшартқа қол қоюына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Гаджиевтің айтуынша, ол шамамен бір жыл бұрын Садулаевтың 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына қатыспайтынын айтқаны үшін жанкүйерлер тарапынан сынға ұшыраған.
"Мен спортшының мансабында белгілі бір шек болатынын ескердім. Қазір Садулаев тек күреспен ғана өмір сүріп жүр деп айта алмаймын. Мұнда жасты салыстырудың қажеті жоқ, бірақ оның артында жарақаттар, көптеген жарыстар қалды. Менің ойымша, Абдулрашид спортта тағы екі жыл қалмайды. Сондықтан оның RAF секілді күрес лигасын таңдауы қисынды: ол жерде бәсекелі белдесулер өткізіп, табыс табуға және медиа жағынан танымалдылығын арттыруға мүмкіндік бар", – деді Гаджиев.
Сондай-ақ ол Ресейде осы бағытта жұмыс істейтін PWL және Wolnik лигалары бар екенін мойындады. Алайда, Гаджиевтің сөзінше, Садулаевқа нақты әрі тартымды ұсыныс болмаған.
"Егер оның алдында шамалас екі келісімшарт жатқанда, ол ресейлік ұйымды таңдауы мүмкін еді. Бірақ оған қарсылас та, қаржы да жағынан нақты ұсыныс жасалмады. Ал америкалықтар жақсы шарттар ұсынды. Сондықтан оның таңдау мүмкіндігі аса көп болған жоқ", – деп түйіндеді ол.
Бұған дейін Садулаевтың RAF-пен келісімшартын Ресей күрес федерациясының президенті Михаил Мамиашвили де пікір білдірген болатын.
"Бұл – өкінішті жаңалық. Қазір "еркіндік" пен "таңдау құқығы" деген ұғым осындай. Бір жерде бір рубль, екінші жерде бес рубль берсе, көп нәрсеге көз жұма қарауға тура келеді", – деген еді Мамиашвили.