Ораза кезінде жиі қойылатын сауалдардың бірі – бетке крем жағу немесе бояну оразаны бұза ма деген сұрақ. Бұл мәселеге Ақтөбе облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің дін қызметкерлері түсініктеме берді.
Дін мамандарының айтуынша, терідегі ұсақ тесіктер арқылы сіңетін заттар оразаны бұзбайды. Яғни, крем жағу, май қолдану, ұзақ уақыт суда болу немесе жараның үстіне дәрі жағу – оразаға кедергі емес. Себебі ораза сырттан ішке (асқазанға) кірген нәрселер арқылы ғана бұзылады.
Алайда мамандар крем мен майды тым қалың жағудан сақ болуға кеңес береді. Өйткені қалың жағылған жақпалар дәрет алу кезінде судың теріге жетуіне кедергі келтіруі мүмкін. Сондықтан мұндай кремдер мен лак секілді заттарды дәрет алар алдында сүртіп немесе тазалап алған жөн.
Сонымен қатар дін өкілдері ораза тек ішіп-жеуден тыйылу ғана емес, тіл мен мінезді де тәрбиелеу екенін еске салды. Біреуге тіл тигізу, ғайбат айту, өсек тарату оразаны бұзбаса да, шариғатта ауыр күнә саналатынын атап өтті.