Бокстан Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері Қайрат Сәтжановтың қызы Еңлік Сәтжан әкесінің қызметтен кетуіне байланысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Еңлік Сәтжанның айтуынша, әкесі бұл шешімді өз еркімен қабылдамаған. Ол отбасыларының әділетсіздікке тап болғанын атап өтіп, қоғамда резонанс тудырғысы келгенімен, әкесінің оған қарсы екенін жазды.
"Адам бар өмірін сүйікті ісіне арнап, адал еңбек етіп, нақты нәтиже көрсетеді. Бірақ біздің елде бұған мән берілмейді. Қалаған кезде орныңнан алып тастай салады. Кейін мықты мамандардың шетелге кетуіне таң қалады. Себебі, "Жаңа Қазақстан" ешқашан болмайды", – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Айта кетейік, Қайрат Сәтжанов Париж Олимпиадасынан кейін ұлттық құраманың тізгінін екінші рет қолға алған еді. Алайда 2026 жылдың 10 қаңтарында ол қызметінен босатылып, оның орнына Нұржан Насанов тағайындалды.