Жәнібек Әлімханұлы чемпиондық атағын айрылды ма? Допинг дауы мансабын шайқалтты

Бүгін, 22:25 / Ахмет Қанатұлы
No Limit Boxing. Суретте: Жәнібек Әлімханұлы

Ресейлік Championat.com порталы қазақ боксшысы Жәнібек Әлімханұлын 2025 жылы әлемдік бокстағы ең үлкен көңіл қалдырған спортшылардың қатарына қосты, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Мақалада WBO және IBF нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы 2025 жылы бар болғаны бір ғана жекпе-жек өткізгені және оның спорттық жетістіктерін көлеңкеде қалдырған допинг дауына тап болғаны айтылған.

Сәуір айында Әлімханұлы Анауэль Нгамиссенгені сенімді түрде жеңіп, чемпиондық белбеулерін қорғап, жеңіліссіз рекордын сақтап қалған. Бұдан кейін ол WBA чемпионы Эрисланди Ларамен жекпе-жекке қол жеткізіп, үшінші титулды жеңіп алуға бір қадам қалған еді. Алайда айқасқа бір апта қалғанда Жәнібектің допинг сынамасынан мельдоний табылғаны белгілі болды.

Осыған байланысты қазақ боксшысы жекпе-жектен шеттетіліп, абсолютті әлем чемпионы атану жолындағы арманы уақытша кейінге қалды. Сонымен қатар, 2026 жылдың басында допинг сынамасының "B" үлгісі ашылуы тиіс. Егер онда да мельдоний анықталса, Жәнібек Әлімханұлы чемпиондық белбеулерінен айырылып қана қоймай, дисквалификацияға ұшырауы мүмкін.

Мақалада:

"2025 жылға Әлімханұлы өз дивизионының ең мықты боксшысы әрі үстем чемпион мәртебесінде кіріп, жылды допинг тергеуінің фигуранты ретінде аяқтады", – деп жазылған.

Айта кетейік, бұл тізімге Жәнібек Әлімханұлымен қатар Сауль Альварес, Даниэль Дюбуа, Джервонта Дэвис және Артур Бетербиев те енген.

Тэгтер:

Бокс Жәнібек Әлімханұлы допинг