Қазақстандық бокс маманы Бақыт Сәрсекбаев Қазақстанның жастар құрамасының аға бапкері қызметіне тағайындалды. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Sportinside.kz.
Федерация мәліметінше, 2024 жылдың соңында құрылған U-22 жас санатындағы құрама өз жұмысын тоқтатады. Алайда бұл құрамда болған боксшылар дайындықты жалғастырады – олар Қазақстанның ұлттық құрамасының қатарына қосылады.
"Бүгіннен бастап Бақыт Сәрсекбаев Қазақстанның жастар құрамасының бас бапкері қызметін атқарады. Ол бұл лауазымда Максат Бақтыбазаровтың орнын басты", – делінген федерацияның Instagram парақшасындағы хабарламада.
Жарияланымда бапкердің спорттық жолы да еске салынды. Бақыт Абдрахманұлы Сәрсекбаев 1981 жылғы 29 қарашада дүниеге келген. Ол – 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының чемпионы, 2006 жылғы Доха Азия ойындарының чемпионы, үш дүркін Азия чемпионы.
Сондай-ақ Бақыт Сәрсекбаев 2024 жылдың желтоқсан айынан бері U-22 құрамасының аға бапкері қызметін атқарып келгені атап өтілді.
Еске сала кетейік, U-22 командасы негізгі ұлттық құрамаға резерв дайындау мақсатында құрылған болатын. 2025 жылы Шри-Ланканың Коломбо қаласында өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында Бақыт Сәрсекбаевтың жетекшілігімен қазақ боксшылары 22 алтын медаль жеңіп алып, айрықша нәтиже көрсеткен еді.