Қазақстанның Кәсіпқой бокс федерациясы қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлына қатысты туындаған допинг дауы бойынша тәртіптік тыңдаудың өтетін күні ресми түрде белгіленгенін хабарлады, деп жазады Sportinside.kz.
Федерация мәліметінше, тәртіптік тыңдау 2026 жылғы 19 қаңтарда өтеді. Тыңдаудың нақты уақыты мен орны қолданыстағы тәртіпке сәйкес барлық мүдделі тараптарға қосымша түрде хабарланатын болады.
Қазақстанның Кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков бұл істің қаралуы халықаралық талаптарға сай жүзеге асатынын атап өтті.
Оның айтуынша, тыңдау процесі қолданыстағы регламенттерге, процестік әділдік қағидаттарына, кінәсіздік презумпциясына және халықаралық антидопингтік стандарттарға қатаң сәйкес өткізіледі. Федерация қандай да бір алдын ала қорытынды жасауға немесе айып тағуға жол берілмейтінін, тек ресми рәсімдер мен зерттеу нәтижелері негізінде шешім қабылданатынын ерекше атап отыр.
Сондай-ақ федерация өкілдері қоғам тарапынан бұл мәселеге қызығушылық жоғары екенін ескере отырып, барынша ашықтық пен заңдылық сақталатынын мәлімдеді. Алдағы шешімдер тәртіптік тыңдаудың нәтижесіне және уәкілетті органдардың ресми қорытындыларына сүйене отырып қабылданады.