Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясы Жәнібек Әлімханұлының В сынамасының ашылуына қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Федерация таратқан ақпаратқа сәйкес, В сынаманы ашу рәсімі бүгін, 2026 жылғы 10 қаңтарда АҚШ-тың Юта штатына қарасты Солт-Лейк-Сити қаласында халықаралық антидопингтік регламенттерге толық сай өткізіліп, барлық процессуалдық талаптар қатаң сақталған.
Мәлімдемеде бұл рәсімнің ерекше маңызға ие екені атап өтіледі. Себебі В сынаманы ашу – істі объективті әрі тәуелсіз қараудың негізгі тетіктерінің бірі. Процеске спортшы командасының өкілдері, тиісті сала мамандары және бекітілген тәртіппен қатысуға рұқсат етілген барлық мүдделі тараптар қатысқан. Бұл өз кезегінде кез келген заңбұзушылық немесе күмәнді жағдайлардың алдын алып, толық ашықтықты қамтамасыз еткен.
Рәсім аяқталған соң, В сынама мөрленіп, осындай зерттеулер жүргізуге уәкілетті әрі аккредиттелген халықаралық зертханаға ресми түрде тапсырылған. Қазіргі уақытта талдау бірыңғай стандарттарға сәйкес, сыртқы ықпалсыз жүргізіліп жатыр.
Федерация бұл кезеңде қандай да бір қорытынды жасауға немесе айып тағуға құқықтық әрі фактілік негіз жоқ екенін баса айтты. Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясы спортшының кінәсіздік презумпциясын қатаң сақтайтынын және рәсімдерге толық құрметпен қарайтынын мәлімдеді.
Сонымен қатар федерация өз ұстанымының өзгермейтінін жеткізді: таза әрі адал спортты қолдау, халықаралық антидопингтік жүйелерді құрметтеу және ресми зертханалық қорытынды шықпайынша, алыпсатарлық пен ақпараттық қысымға жол бермеу.
Қоғам тарапынан қызығушылықтың жоғары екенін түсінетінін айтқан федерация өкілдері, барлық шешімдер мен алдағы мәлімдемелер тек зертханалық талдаудың ресми нәтижелеріне сүйеніп қабылданатынын атап өтті. Жағдайдың әрі қарайғы дамуы белгіленген тәртіппен, уақтылы және расталған құжаттар негізінде хабарланатыны да қоса айтылды.