Қазақстандық кәсіпқой боксшы, орта салмақта WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы допинг дауына байланысты жанкүйерлерге үндеу жасады, деп Sportinside.kz тілшісі 1bol.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Алдымен боксшы өзін қолдап жатқан жандарға алғысын жеткізді.
"Қолдап жатқан спортшы бауырларым мен жанкүйерлерге ерекше алғыс айтамын. Шетелдіктер дауға қуанып жатқанда, өз қазағым қасымнан табылып, таза екенімізге сенім білдіріп жатқаны жаныңа демеу болады екен. Менің бір қуанатыным – бокс мансабымда жаман жанкүйер жинамаппын. Қиындықта да қолдайтын нағыз жанкүйерім бар. Бұл спортшы үшін үлкен бақ", – деп жазды ол.
Жәнібек Әлімханұлы өз мәлімдемесінде таза спорт қағидаттарына әрдайым адал екенін де атап өтті.
"Мен әрқашан таза спортты қолдаймын. Мұны жақсы білесіздер. Таза спортты үнемі насихаттап келемін", – деді чемпион.
Еске салайық, желтоқсан айына жоспарланған жекпе-жек алдында алынған допинг сынамасына байланысты дау туындап, орта салмақтағы жылдың басты айқастарының бірі саналған Жәнібек Әлімханұлы мен Эрисланди Лара арасындағы кездесу өтпейтін болды. Қазіргі таңда Лара WBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы саналады.
Жекпе-жек тоқтатылғаннан кейін ұйымдастырушылар кубалық боксшыға шұғыл түрде жаңа қарсылас тапты. Енді Эрисланди Лара венесуэлалық Йохан Гонсалеспен жұдырықтасады.
Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы 1993 жылғы 1 сәуірде дүниеге келген. Ол әуесқой бокста 2013 жылы әлем чемпионы және Азия чемпионатының жеңімпазы атанған. Қазіргі таңда кәсіпқой рингтегі көрсеткіші – 17 жеңіс, оның 12-сі нокаутпен аяқталған.