Бокстан әлем чемпионы, 85 келі салмақ дәрежесінде Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі болған маңғыстаулық боксшы Бекзат Нұрдәулетов кәсіби спорттық мансабын аяқтағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Танымал спортшы әуесқой бокста айтарлықтай жетістіктерге жеткен. Ол жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері, ересектер арасында әлем және Азия чемпионы атанып, Қазақстан боксының дамуына зор үлес қосты. Сондай-ақ Токио Олимпиада ойындарының қатысушысы ретінде ел намысын қорғады.
Сонымен қатар Нұрдәулетов кәсіби рингте де өнер көрсетіп, WBO Youth нұсқасы бойынша жастар арасындағы әлем чемпионы атағын жеңіп алған.
1bol.kz жазуынша, чемпион бокстан біржола қол үзбейді. Алдағы уақытта ол сала маманы ретінде жұмыс істеп, өңірлік спортты дамытуға атсалысуды жоспарлап отыр. Бұл бағыттағы нақты қадамдар мен жаңа қызметі туралы қосымша ақпарат кейінірек жарияланбақ.
Бекзат Нұрдәулетов 1998 жылдың 10 сәуірінде Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласында дүниеге келген. Жартылай ауыр салмақта өнер көрсеткен спортшы 2019 жылы Екатеринбургте өткен әлем чемпионатында алтын жүлде иеленіп, Қазақстан құрамасына тарихи жеңіс сыйлады. Ал 2024 жылы Азия чемпионы атанды.