Атырау облыстық Полиция департаменті 6 қаңтар күні Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында тіркелген адам өлімі дерегі бойынша күдіктіні ресми түрде іздеуге жариялады.
Ресми мәліметке сәйкес, қылмысқа күдікті ретінде марқұмдардың 29 жастағы күйеу баласы – Атырау облысы Махамбет ауданының тұрғыны Сұлтан Сәрсемәлиев танылып отыр. Тергеу аясында құқық қорғау органдары аталған іске өзге тұлғалардың қатысы бар-жоғын да тексеруде.
Еске сала кетейік, 25 желтоқсанда отбасының туыстары олардың жоғалып кеткені туралы полицияға арыз түсірген. Ал 6 қаңтарда ерлі-зайыптылар – Максот пен Нәсіптің мәйіттері табылған. Қазіргі уақытта олардың балаларына қатысты жедел-іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Құқық қорғау органдары азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне ғана сүйенуге және расталмаған мәліметтерді таратудан аулақ болуға шақырды.