Грузия құрамасының жартылай қорғаушысы Гиорги Зария алматылық "Қайрат" клубымен қоштасты, деп хабарлайды Sportinside.kz.
28 жастағы футболшының "Қайратпен" келісімшарты аяқталды, тараптар жаңа келісімге қол қоймады. Осылайша Зария еркін агент атанды. Әзірге оның мансабын қай клубта жалғастыратыны белгісіз. Жартылай қорғаушының трансферлік құны 900 мың еуроға бағаланып отыр.
Гиорги Зария "Қайрат" сапында 2024 жылдан бері өнер көрсетті. Алғашқы маусымында ол 30 матчта 15 нәтижелі әрекет жасап, Қазақстан Премьер-лигасының үздік жартылай қорғаушысы атанды. Алматылық клубпен бірге екі рет ел чемпионы болып, бір мәрте Қазақстан Кубогын жеңіп алды. Жалпы "Қайрат" құрамында 59 ойында 16 гол соғып, 11 нәтижелі пас берді.
Клуб мәлімдемесінде:
"Қайрат" футбол клубы Гиорги Зарияға жарқын ойыны мен команданың жетістіктеріне қосқан үлесі үшін алғыс білдіреді және алдағы мансабына сәттілік тілейді", – делінген.
Өз кезегінде Зария бұл жазбаны репост жасап, клубқа алғысын білдірді.
"Қайратқа" дейін ол Грузияда өнер көрсетті: астаналық "Саско", сондай-ақ Тбилиси мен Батуми "Динамосының" намысын қорғаған. Грузия ұлттық құрамасында екі матч өткізген.