Марқұм адамның доноры салынды: Елге танымал спортшы ауыр операция жасатты (ФОТО)

5 қаңтар, 2026 / Ахмет Қанатұлы
istockphoto.com

Аустралиялық теннисші Танаси Коккинакис өзіне жасалған ерекше операция жайлы айтып берді. Спортшыға өмірден өткен донордың ахилл сіңірі трансплантацияланған, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Дереккөздің мәліметінше, Коккинакис 2025 жылдың ақпан айында кеуде бұлшықетіне операция жасатқан. Жексенбі күні ол жарақатынан кейін алғаш рет кортқа шығып, матч өткізді.

Осыдан кейін теннисші операцияның тосын әрі ауыр болғанын ашық айтты. Оның сөзінше, бірқатар дәрігерлер бұл отаны жасауға келіспеген.

"Соңғы 12 айда бастан өткергенім – ақылға сыймайды. Бұрын бір матчты жеңіп, жақсы ойын көрсете алатынмын, бірақ келесі айналымдарға күшім жетпей қалатын. Негізі кеуде бұлшықетімнің жартысын кесіп тастаған, ал мен сол тыртықпен шамамен бес жыл ойнадым. Мен бірнеше хирургке жүгіндім, алайда олар операция жасауға келіспеді. Себебі мұны өте қауіпті деп санады. Теннисте мұндай отаны бұрын-соңды жасамаған екен. Маған ахилл сіңірінің аллотрансплантаты салынды. Яғни, бұл – өмірден өткен донордың сіңірі. Сол арқылы бұлшықетті иыққа қайта бекітті", – деп бөлісті Танаси Коккинакис.

Тэгтер:

Теннис Танаси Коккинакис Аустралия трансплантация