"Қиямет күніне дейін нәтиже болмайды": Қуат Хамитов қазақ футболын сынға алды

"Қиямет күніне дейін нәтиже болмайды": Қуат Хамитов қазақ футболын сынға алды

фото: instagram.com/kuat__khamitov

Қазақстандық ММА жұлдызы Қуат «Найман» Хамитов Instagram желісінде отандық футболды тағы да сынға алды. Бұл туралы Sportinside.kz тілшісі хабарлайды.

Танымал спортшы kzsports парақшасындағы пікірінде еліміздің футболына қатысты өткір пікір білдірді:

«Қазақстан футболында Қиямет күніне дейін нәтиже болмайды! Менің сөзімді есте сақтаңыздар!» – деп жазды Хамитов, жазбасына күлкі эмоциясын қоса тіркеп.

Бұл сөздер Қазақстан құрамасының бас бапкері Али Алиевтің УЕФА мен АФК туралы пікіріне жауап ретінде жазылған. Алиев бұған дейін:

«Біз Қазақстанға Франция сияқты құрамаларды әкелеміз. "Астана Аренада" Мбаппе мен басқа да жұлдыздарды көруге мүмкіндік бар. Жақында Бельгия құрамасы келеді. Сондықтан УЕФА аймағында ойнау – ел үшін үлкен мәртебе», – деген болатын.

Қуат Хамитов бұған дейін де футболшылар мен футбол саласына қатысты бірнеше рет сын айтқан. Ол көбіне отандық футболда тәртіп, қайсарлық пен нәтижеге ұмтылыс жетіспейді деп санайды. Хамитовтың өткір пікірлері желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсіп тұрады.