Бокстан әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай ата-анасының өмір жолын алғаш рет ашық айтып берді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Спортшының айтуынша, отбасы Астанаға алғаш қоныс аударғанда тұрмыстың тауқыметін көрген.
"Әрине, анамның базарда қаттама нан сатқаны рас. Біз алғаш Астанаға көшіп келгенде саудадан бастадық. Анам қаттама нан пісіріп, полициядан, әркімнен қашып жүріп, сататын. Қазір енді Аллаға шүкір. Бәрін өзім қолға алдым, әке-шешем жұмыс істемейді. Ал әкем бұрын таксист болып істеді. Қазір демалады", – деді Санжар Тәшкенбай.
Еске салайық, Санжар Тәшкенбай 2023 жылдың мамырында Ташкентте өткен әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Ол 19 жасында әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ боксшысы ретінде тарихқа енді. Жеңіл салмақта өнер көрсетсе де, жарыс барысында екі қарсыласын нокдаунға жіберді. Елге оралған соң чемпионға сый-құрмет көрсетіліп, ол әкесіне көлік сыйлаған еді.