Қазақстанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, академик Мырзатай Жолдасбеков елорда Астанаға алғаш келген сәтінде Нұрсұлтан Назарбаев өткізген тарихи кеңеске қатысты көпшілікке беймәлім жайтты айтты. Ол бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің "Руханият" мемлекеттік мекемесінің ресми парақшасына берген сұхбатында баяндады, деп хабарлайды kznews.kz.
Ғалым 2000 жылы арнайы шақыртумен елордаға қоныс аударған кезін еске алып, Нұрсұлтан Назарбаевтың Астананы қалыптастыру жолындағы жанқиярлық еңбегіне айрықша тоқталды.
"Сол кезде жағалауда тек "Пионер үйі" ғана болды, басқа ештеңе жоқ. Сол жылы Президент еліміздің қызметінде жүрген беделді азаматтарды жинап, Астананың болашағы туралы кеңес өткізді. Түк жоқ – жылан жалағандай иен дала. Бірақ сол жерде тұрып, Нұрекең "мына жерде мынандай болады, ана жерде осындай ғимарат бой көтереді" деп болашақты суреттеп берді", – дейді ол.
Мырзатай Жолдасбеков сол кезде айтылған сөздерге күдікпен қарағанын жасырмады.
"Ішімнен "сөз айтылып қоя береді ғой, оны кім жүзеге асырады, бұл қашан болады?" деп ойладым. Бірақ бүгінде қарап отырсам, бәрі орындалыпты".
Сондай-ақ ол елорданың бүгінде қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды.
"Қазір Астананың халқы 2 миллионнан асыпты. Бұрын зауыт, үй салғанды көрдік, бірақ тұтас бір қаланы нөлден бастап салғанды алғаш рет көрдік. Бұл – шын мәнінде, ғасырлық іс! Сол жағалауда қазір өмір қайнап жатыр: жастар, ойын-күлкі, той-думан. Бұл – жақсылықтың белгісі", – деп түйіндеді ол.