фото: istockphoto.com
Кәсіпқой боксшы, бұрынғы әлем чемпионы Энтони Джошуа жол-көлік апатына тап болды. Қайғылы оқиға адам өлімімен аяқталған, деп хабарлайды Sportinside.kz.
ВВС-дің жазуынша, 36 жастағы спортшы Нигерия аумағында болған апатқа қатысқан. Ол отырған көлік автомагистральда қозғалыссыз тұрған жүк көлігіне соқтығысқан. Энтони Джошуа көліктің артқы орындығында отырғаны хабарланды.
Оқиға салдарынан боксшы жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Жергілікті полицияның мәліметінше, оның жағдайы тұрақты, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Қазіргі таңда жол апатына байланысты тергеу амалдары басталды.
Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбаларда Джошуаның үстіңгі киімсіз, қатты ауырсынған күйде куәгерлердің көмегімен көліктен шығып жатқан сәті бейнеленген.
Апат салдарынан екі адам қаза тапқаны белгілі. Алайда олардың кім екені және қай көлікте болғаны әзірге нақтыланбаған.
Айта кетейік, Энтони Джошуаның нигериялық тегі бар. Ол – әлемдегі ең танымал боксшылардың бірі, бұған дейін аса ауыр салмақта (90,7 келіден жоғары) әлем чемпионы атанған. Соңғы жекпе-жегін ол 19 желтоқсанда Майами қаласында өткізіп, америкалық блогер-боксшы Джейк Полды нокаутпен жеңген еді.