Испанияның беделді Marca басылымы орта салмақта бұрын әлем чемпионы болған қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің жақын арада рингке қайта оралуы екіталай деп санайды, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Танымал басылымның пікірінше, бұған GGG-дің қазіргі таңда атқарып жүрген жауапты қызметтері кедергі келтіруде.
"Орта салмақта екі мәрте әлем чемпионы атанған Геннадий Головкин осы айдың басында Халықаралық бокс даңқ залына (IBHOF) қабылданды. Сондай-ақ жуырда ол Олимпиада ойындарындағы боксты қадағалайтын World Boxing ұйымының президенті атанды. Бұған дейін Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитетінің басшысы қызметіне тағайындалған болатын", – деп жазады басылым.
Головкиннің рингтегі соңғы жекпе-жегі 2022 жылдың қыркүйек айында өтті. Ол кезде ол мексикалық боксшы Канело Альвареске қарсы трилогияның шешуші айқасында төрешілердің шешімімен жеңіліс тапқан еді.
Айта кету керек, GGG мансабын ресми түрде аяқтағанын жарияламаған. Алайда Marca дерегінше, оның қазіргі қызметтері мен кәсіби жолына қарап, жақын уақытта боксқа қайта оралуы туралы әңгіме қозғау ерте.