IBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы Абылайхан Жүсіпов бокстағы жолының басында қандай әрекеттерге баруға тура келгенін айтып берді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
"Мен бокспен өте ерте айналыса бастадым. Сол себепті бапкер мені өзімнен ересек жігіттермен – 1994-1995 жылы туғандармен жұптастырды. Ал өзім 1997 жылғы едім. Қателеспесем, боксқа 9-10 жасымда келдім. Ол кезде біздің жас санатымызда жарыстар болмағандықтан, туған ағамның туу туралы куәлігін алып, турнирлерге оның атымен қатысуыма тура келді. Алғашқы жарысым Абай қаласында, кеншілер сарайында өтті. Бұл аудандық турнир болатын. Өкінішке қарай, ол жарыста жеңдім деп айта алмаймын, ұтылдым. Бірақ сол жеңілістерден кейін, өз құрдастарыммен шыға бастағанда, бәрін айқын басымдықпен жеңгенімді айта аламын. Ағам да бокспен айналысқан, бірақ жарыстарға негізінен мен қатыстым – оның туу туралы куәлігімен", – деп бөлісті Абылайхан Жүсіпов.
Айта кетейік, бұған дейін Абылайхан Жүсіпов мансабында алғаш рет 2025 жылы Дубайда өткен IBA әлем чемпионатында алтын медаль иеленді. Оған дейін Қарағанды тумасы әлем біріншіліктерінде үш мәрте қола жүлде алған еді.