Танымал қазақ боксшысы Қамшыбек Қоңқабаев өзінің мансабына қатысты маңызды мәлімдеме жасады, деп Sportinside.kz тілшісі 1bol.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
– Былтыр карьераңызды аяқтайды деген ақпарат тарағанда, жеке бапкеріңізге хабарластық, бірақ ол кісі мұндайдан бейхабар екенін айтты. Өзіңіз де құрамадан кеткеніңізді ресми растаған жоқсыз. Бұл мәселе әлі ашық күйде ме?
– Рас, өзім ресми түрде мәлімдеме жасаған жоқпын. Бұл туралы бас бапкеріміз Қайрат Сәтжанов айтқан болатын. Себебі ол кісіге Олимпиада ойындарынан соң демалатынымды, жастарға жол беретінімді жеткізгенмін, бәлкім осы сөздерімнен соң да Қайрат ағай осындай қорытындыға келген шығар.
Егер елім, бапкерлер "ұлттық құрамаға керексің" десе, қазір-ақ баруға дайынмын. Қалай дегенмен 20 жылға жуық уақытымызды боксқа арнадық. Ұлттық құрама дегенде ішер асымызды жерге қоямыз.
Айта кетейік, Қамшыбек Қоңқабай әуесқой бокста біршама жетістікке жеткен. Ол 2021 жылы Токиода өткен Олимпиада ойындарында аса ауыр салмақта қола жүлдені еншілеген. Сондай-ақ 2017 және 2019 жылдары ұйымдастырылған қос әлем чемпионатында күміс жүлдені қанжығасын байлаған еді.
Қазіргі уақытта ұлттық құрамада аса ауыр салмақ дәрежесінде Айбек Оралбай өнер көрсетіп жүр.