фото: sportinside.kz коллажы
Олимпиада чемпионы, Қазақстанның 22 жасқа дейінгі (U-22) құрамасының аға бапкері Бақыт Сәрсекбаев 2025 жылғы қазақ боксының қорытындысын шығарды, деп хабарлайды Sportinside.kz.
"Өзім үшін жылды қорытындылайтын болсам, өткен жылға айтарлықтай өкпе-назым жоқ – қойылған мақсаттардың басым бөлігі орындалды. Қазақстан боксы үшін бұл жыл нәтижелі болды. Резервтік құрам өз деңгейін көрсетті. Тіпті еш қысылмай айта аламын: бұл біздің "ұйқыдағы" боксқа дер кезінде берілген, стратегиялық маңызы бар "шапалақ" болды. Резервтік команданың құрылуы өзін "мәңгі бірінші нөмірміз" деп босаңси бастаған ұлттық құраманың кейбір мүшелерін оятты. Сонымен қатар белсенділігін жоғалта бастаған бокс федерациясын да қимылдауға, жұмыс істеуге мәжбүр етті. Осылайша, шағын ғана команда үлкен жұмыс атқарып, жалпы қазақ боксындағы ахуалдың өзгеруіне өз үлесін қосты. Ал менің "арландарым" артылған үмітті ақтады. Өте қысқа мерзімде – бар болғаны үш ай ішінде Азияның екі чемпионатына қатысып, ел қоржынына 13 алтын және 4 күміс медаль салды. Мен бір нәрсеге көз жеткіздім: қазақ боксының болашағы зор. Бізде көзі жанып тұрған, дарынды әрі ынталы жастар бар. Ең бастысы – олармен жүйелі жұмыс істеу, дұрыс бағыт-бағдар беру", – деп жазды бапкер Instagram парақшасында.
Айта кетейік, 2025 жылы Шри-Ланканың Коломбо қаласында өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында Бақыт Сәрсекбаевтің жетекшілігімен өнер көрсеткен қазақ боксшылары 22 алтын медаль жеңіп алды.