Бокстан үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай кәсіби рингке ауысу мүмкіндігіне қатысты ойын ортаға салды. Сондай-ақ ол қазақстандық кәсіпқой боксшылар – Ангелина Лукас пен Балауса Мұздыманға қарсы жекпе-жек өткізу ықтималдығын да жоққа шығармады, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Спортшының айтуынша, кәсіби бокстың талап-талғамы мен ішкі жүйесі әуесқой бокстан мүлде бөлек. Дегенмен егер нақты ұсыныс түссе, жаңа бағытта өзін сынап көруге дайын екенін жасырмады.
"Қазір профи-боксты да назардан тыс қалдырып жүрген жоқпын. Ұсыныс болса, көруге болады. Бүгінде әуесқой боксты қатар алып жүріп, кәсіби рингте де өнер көрсетіп жүрген спортшылар бар. Бұл ұлттық құрамадағы жолға кедергі келтірмейді", – деді Назым.
Қызайбай Қазақстандағы әйелдер кәсіпқой боксының дамуын да ерекше атап өтті. Ол отандық спортшылардың жекпе-жектерін тұрақты түрде бақылап, қолдау білдіріп отыратынын айтты. Сондай-ақ Фируза Шәріпованың Кэти Тейлормен өткізген кездесуі ел тарихындағы ең елеулі әйелдер арасындағы кәсіпқой жекпе-жектердің бірі болғанын тілге тиек етті.
Tengri Sport тілшісінің Ангелина Лукас пен Балауса Мұздыманға қарсы жекпе-жек өткізу мүмкіндігі жайлы сұрағына Назым Қызайбай мұндай кездесудің жанкүйерлер үшін қызық болатынын айтты. Оның сөзінше, спортта бәрі де мүмкін, бастысы – ұйымдастырушылар тарапынан нақты ұсыныстың болуы.
"Егер ұсыныс түссе, қайсысымен болса да рингке шығуға дайынмын. Мұндай айқас көрерменге де қызық болар еді", – деді үш дүркін әлем чемпионы.