Қазақ боксшысынан "жеңісті тартып алған" орыс жігіті оған төрешілер көмектеспегенін айтты

Бүгін, 17:03 / Ахмет Қанатұлы
IBA

Ресейлік боксшы Джамбулат Бижамов 2025 жылғы IBA ұйымдастырған әлем чемпионатында 80 келіге дейінгі салмақта Қазақстан өкілі Ерасыл Жақпековпен өткен даулы жекпе-жегіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Бижамовтың айтуынша, жекпе-жек барысы оның пайдасына өтті деп есептейді.

«Бірінші раундта жеткілікті түрде сенімді жеңдім. Екінші раундта да бәрі қалыпты деп ойладым, бірақ есеп 3:2 болып қарсылас жаққа берілді. Үшінші раундтың басында соққы өткізіп алдым. Шынын айтсам, екінші раундта желке тұсынан көп соққы алдым, соның бәрі жиналып әсер етті. Біраз шайқалтты, бірақ тез есімді жиып, жекпе-жекті жалғастырдым. Бірінші нөмірмен шабуылдап, айқас іздедім, ал қарсыласым тек клинчке барды. Сондықтан бұл жекпе-жекте өзімді лайықты жеңімпаз санаймын», – деді Бижамов.

Еске сала кетейік, айқас барысында Ерасыл Жақпеков ресейлік боксшыны нокдаунға жіберген. Көптеген жанкүйер мен сарапшылардың пікірінше, қазақстандық спортшы жекпе-жекте басым көрінген. Алайда төрешілер жеңісті Бижамовқа берді. Бұл шешім қазақстандық жанкүйерлер арасында үлкен наразылық тудырып, IBA ұйымының төрешілігіне қатысты сын айтылды.

Нәтижесінде Джамбулат Бижамов әлем чемпионатының алтын медалін жеңіп алды.