Жәнібек Әлімханұлының алдағы тағдырына қатысты сауал көбейді. Қазақстандық кәсіпқой боксшының допинг дауына байланысты жағдайы бокс әлемінде қызу талқыланып жатыр. WBO және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы АҚШ-тың Сан-Антонио қаласында кубалық Эрисланди Ларамен өтуі тиіс жекпе-жек қарсаңында тапсырған допинг сынамасынан мельдоний табылған, деп Sportinside.kz тілшісі 1bol.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Белгілі болғандай, "Qazaq Style" лақап атымен танымал боксшының B сынамасы 8 қаңтар күні ашылады. Қазіргі таңда нақты шешім қабылданбаған, сондықтан чемпиондық белбеулерден айыру немесе уақытша шеттету мәселесі әлі талқылану үстінде.
Осы жағдайға байланысты Жәнібек Әлімханұлының менеджері Берік Сұлтан алғаш рет кең көлемде пікір білдіріп, жанкүйерлерді алаңдатқан сауалдарға жауап берді.
Оның айтуынша, бұл допинг дауы команда үшін күтпеген жағдай болған.
"Құрметті жанкүйерлер, сұрақ көп екенін білеміз. Сондықтан бәріне ашық әрі нақты жауап бергім келеді. Бізге қолдау көрсетіп, кінәсіз екенімізге сеніп отырған жанкүйерлерге Жәнібектің және өз атымнан алғыс айтамын", – деді менеджер.
Берік Сұлтан бастапқыда VADA ұйымы тарапынан алынған зәр мен қан сынамаларының толықтай таза шыққанын атап өтті. Кейінірек тек зәр сынамасы қайта алынған.
"Екі сынаманың арасында дайындықта ештеңе өзгерген жоқ. Тамақ та, витаминдер де бұрынғыдай, бәрі спортшыларға рұқсат етілген қоспалар. Тіпті витаминдерді тексертіп көрдік – бәрі таза. Бұл нәтиженің қалай шыққаны біз үшін әлі де түсініксіз", – деді ол.
Менеджер команда Жәнібек Әлімханұлының кінәсіз екеніне толық сенімді екенін жеткізді.
"Екінші сынама біздің тазалығымызды дәлелдейді деп үміттенеміз. Сол жағдайда мансабымызды жалғастырып, чемпиондық титулдарымызды сақтаймыз", – дейді Сұлтан.
Сонымен қатар ол теріс сценарийдің де болуы мүмкін екенін жасырмады. Егер B сынамасы да оң нәтиже көрсетсе, боксшы WBO және IBF белбеулерінен айырылып, жарты жылға немесе бір жылға дисквалификациялануы ықтимал.
"Қандай жағдай болса да, берілмейміз. Жәнібек небәрі 33 жаста. Үлкен жеңістер әлі алда", – деп түйіндеді менеджер.
Қазіргі таңда Жәнібек Әлімханұлы Қазақстанда жүр. Алдағы күндері ашылатын B сынамасы қазақстандық боксшының мансабына қатысты шешуші фактор болмақ. Бұл тек бір жекпе-жектің емес, тұтас чемпиондық жолдың тағдырын айқындайтын сәт.