Алматыда өткен кәсіпқой бокс кешінде қазақстандық боксшы Дулат Бекбауов жарқын жеңіске жетті. Жартылай орта салмақта өнер көрсеткен отандасымыз Өзбекстан өкілі Хасанбой Мирзахамраевты ауыр нокаутпен жеңді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Алты раундқа жоспарланған жекпе-жек үшінші раундта-ақ аяқталды. Бұған дейін өзбек боксшысы екі мәрте нокдаун алып, айтарлықтай әлсіреген болатын. Нәтижесінде Бекбауов қарсыласын жекпе-жекті жалғастыра алмайтындай жағдайға жеткізді.
Бұл кездесу Дулат Бекбауовтың кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жектерінің бірі саналады. Айта кетейік, ол әуесқой бокста 2023 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған.
Алматыдағы аталған бокс кешінде өзге де қазақстандық спортшылар табысты өнер көрсетті. Алғашқы ауыр салмақта жұдырықтасқан Еділ Қожамбердиев WBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағын сарапқа салып, түркиялық Фатих Келешті төртінші раундта нокаутпен жеңді.
Екінші жеңіл салмақта шаршы алаңға шыққан Қанат Саңғыл филиппиндік Брайан Кабрильосты төрешілер шешімімен тізе бүктірді.
Кештің басты жекпе-жегінде жеңіліп көрмеген қазақстандық Елшат Нығметолла филиппиндік Алвин Камикемен қолғап түйістірмек.