Ағылшын сарапшысы Мэтт Робинсон Дубайда (БАӘ) өткен IBA ұйымдастырған бокстан әлем чемпионатындағы қазақ боксшысы Сәкен Бибосыновтың жекпе-жегіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
"Қазақ бокс мектебін қаншалықты жоғары бағалайтынымды бәрі біледі, әрі Сәкен Бибосынов – менің көп жылдан бергі сүйікті боксшыларымның бірі. Алайда 54 келіге дейінгі салмақтағы финалдағы шешімді әділетсіз деп санаймын. Жекпе-жек керемет өтті және турнирдегі ең үздік финалдардың бірі болды, бірақ төрешілердің бағалауы күмән тудырды. Менің ойымша, Рогозин бірінші раундта анық жеңіске жетті – тіпті қаласа 10:8 есебімен де бағалауға болар еді. Сондай-ақі үшінші раундты да алып шықты. Сәкен Бибосынов үшін ең қолайлы раундтың өзінде Рогозиннің соққылары қаттырақ әрі әсерлі болды. Мұндай нәтижені көру өкінішті", – деп жазды Робинсон Instagram парақшасында.
Еске салайық, әлем чемпионатының финалында Сәкен Бибосынов төрешілердің шешімімен (3:2) ресейлік Вячеслав Рогозинді жеңіп, алтын медаль иеленген еді.