Қазақ күресінен "Қазақстан барысы" турнирінің үш дүркін жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев спорттағы атақ-даңқтың мәңгі емес екенін айтып, жеке тәжірибесін бөлісті. Бұл ойларын ол журналист Ләйла Сұлтанқызымен болған сұхбатында жеткізді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Балуанның айтуынша, спортшының күш-жігері мен физикалық қуаты ең жоғары деңгейде ұзақ сақталмайды. Сол секілді қошемет пен құрмет те уақытша құбылыс.
"Біз өмірбақи 18-25 жастағыдай болып тұра алмаймыз. Спортшылар көп жағдайда чемпион болып тұрамын, қошеметке бөленіп, төрде отырамын деп ойлайды. Бірақ олай емес, уақытша нәрсе. Мен де тура осылай ойладым. Спортшылар деген тез ренжиді, мінезі ауырлау келеді. Біз уақыттың қадірін кеш түсіндік. Уақытында дұрыс жаттығу жасамадық. Сол үшін жасөспірім, жастарда дұрыс нәтиже көрсетпедік. Кейде ұйықтап қалатынмын. Жас кезімде қырсықтау болдым. Себебі өзіме сенімдімін, чемпион болатынымды біліп тұрдым. Бапкердің де сенен басқа ешкімі жоқ екенін сезінесің. Содан кейін дұрыс жаттықпай, жата салатынмын. Бапкерімді "сенің орныңды басатын біреу келеді" деп айтатын. Жыны келетін. Ұрайын десе біз үлкен жігітпіз. Спортшының чемпион болған сәтін көреміз де оның жаттығуын, басқа да қиыншылықтарын, өмірін көре бермейміз", – деді балуан әңгіме барысында.
Айта кетейік, Жамбыл облысының тумасы Бейбіт Ыстыбаев қазақ күресінен "Қазақстан барысы" турнирін 2012, 2015 және 2016 жылдары жеңіп алған. Сонымен қатар ол әлемдік деңгейдегі командалық "Еуразия барысы" турнирінде де топ жарған.