"Халоковқа өте көп ақша ұсынған": Өзбекстандық Олимпиада чемпионына қатысты шу шықты

Бүгін, 11:49 / Ахмет Қанатұлы
aiba.org. Суретте: Абдумалик Халоков

Өзбек боксшысы Абдумалик Халоковқа IBA ұйымдастырған 2025 жылғы әлем чемпионатының финалындағы даулы жекпе-жектен кейін қомақты қаржылай сыйақы ұсынылған, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Бұл туралы өзбек блогері Абдурахмон Фозилов әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.

"Біз, өзбектер, адал спорт пен әділдік үшін күресеміз! Иншалла, мақсатыма жетеміз! Ұзын құлақтан тараған сыбысқа қарағанда, Абдумаликке өте үлкен қаржылай сыйақы ұсынылған, бірақ ол келіспеген", – деп жазды Фозилов.

Айта кетейік, Фозилов IBA әлем чемпионатының финалында Халоков пен ресейлік Всеволод Шумков арасындағы жекпе-жекте әділетсіз төрелік болды деп мәселе көтергендердің бірі. 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі шешуші кездесуде ресейлік боксшы Олимпиада чемпионының құлағын тістеп алғанына қарамастан, төрешілер жеңісті оған беріп, алтын медаль табыстаған.

Бұл оқиғаға кейіннен International Boxing Association (IBA) президенті Умар Кремлёв пікір білдіріп, жағдай арнайы комиссияда қаралатынын мәлімдеді. Алайда жекпе-жек нәтижесін қайта қарау мәселесі көтерілген жоқ.

Тэгтер:

Бокс Өзбекстан Абдумалик Халоков Абдурахмон Фозилов Всеволод Шумков