фото: ANGELOS TZORTZINIS/AFP via Getty Images. Суретте: футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы
Қазіргі уақытта ұлттық құраманың тізгінін ұстаған Талғат Байсуфиновтың орнын болашақта кім баса алады екен? ASnews.kz мәліметінше, Қазақстан футбол федерациясы ұлттық құраманың бас бапкері қызметіне бірнеше кандидатураны қарастырып отыр, деп жазады Sportinside.kz.
Үміткерлердің бірі – Португалияның жастар және олимпиадалық құрамаларын жаттықтырған тәжірибелі маман Руй Жорже. Ол биыл өз қызметінен кеткен. Оның баптауындағы командалар ірі халықаралық жарыстарда, соның ішінде 2016 жылғы Олимпиада ойындарында тұрақты түрде өнер көрсеткен. Футболшы ретіндегі мансабында Руй Жорже "Порту" мен "Спортинг" клубтарында ойнап, Португалия чемпионатын жеті рет, ел кубогын төрт рет, ал Суперкубокты алты рет жеңіп алған. Ұлттық құрама сапында 45 матч өткізіп, бір гол соққан.
Дегенмен дереккөздер Жорженің кандидатурасы басым бағыт емес екенін, сондай-ақ оның Қазақстан құрамасына тағайындалу ықтималдығы төмен екенін атап өтеді.
Тағы бір үміткер – уэльстік маман Крис Коулман. Ол бапкер ретінде Уэльс құрамасын Еуро-2016 чемпионатының жартылай финалына дейін жеткізген. "Манчестер Сити" клубының түлегі болған Коулман футболшы кезінде "Кристал Пэлас", "Блэкберн", "Фулхэм", "Суонси" секілді ағылшын клубтарында өнер көрсетті. Бапкерлік жолында ол "Фулхэм", "Реал Сосьедад", Грекияның "Лариса" мен "Атромитос", "Сандерленд", Қытайдың "Хэбэй", Бельгияның "Ауд-Хеверле Левен" клубтарын жаттықтырған. Қазіргі таңда Коулман Грекияның "Астерас" клубында жұмыс істейді.
Үшінші кандидат – поляк маманы Михал Пробеж. Ол 2023-2025 жылдары Польша ұлттық құрамасын жаттықтырған. Сондай-ақ Польшадағы жетекші клубтар – "Висла", "Лехия", "Ягеллония" және басқа да командаларда қызмет атқарған.
Қазіргі уақытта Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметін қазақстандық маман Талғат Байсуфинов атқарып отыр.