Бокстан 2013 жылғы әлем чемпионы Біржан Жақыпов жеке бапкері, Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері Мырзағали Айтжановқа қатысты жиі айтылатын сынға өз ұстанымын білдірді. Спортшы 1bol.kz сайтына берген сұқбатында "Мырза аға шәкірттерін сүйред" деген пікірлердің негізсіз екенін ашық айтты, деп жазады Sportinside.kz.
Біржан Жақыповтың сөзінше, спорттағы жеңіс пен жеңіліс – әділ бәсекенің нәтижесі. Ал бапкердің бір спортшыны әдейі алға шығарып, өзгесін шеттетуі туралы әңгімелер шындыққа жанаспайды.
"Оны естідім. Бірақ Теміртаспен талай рет кездесіп, ешқашан жеңілген емеспін. Кейін ол өзін дәлелдеп, әлем чемпионы атанды. 2010 жылы Қазақстан чемпионатында Ілияс Сүлейменовтен ұтылдым, ол менің таза қателігім. Дегенмен кейін есемді қайтардым. Азамат Исақұловтан да жеңіліп, кейін реванш жасадым. Бірақ ұтылып тұрып, жеңісті тартып алды деген пікірлер шындыққа жанаспайды. Ешкімнің жолын байлаған емеспін. Әділетсіздікке өзім ұшыраған шығармын, бірақ жеңіліп тұрып, менің қолымды көтерген кез болған емес. Бұл бокс қой, жарысты, спаррингті бәрі көреді. Мырза аға сүйреді дейтіндей, шәкірттері нәтиже көрсетпесе екен. Ол кісінің құрамадағы шәкірттері әлем чемпионаттарында, Олимпиада, Азия ойындарында үздіктер қатарынан көрінді ғой. Сондықтан олай сынайтындарды түсінбеймін. Қолдау көрсетіп, алғыс айтудың орнына жерден алып, жерге салады", – деді Біржан Жақыпов.