WBO және IBF нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының (17-0, 12 KO) төңірегіндегі допинг дауы үдей түсті, деп жазады Sportinside.kz.
Қазір көптеген сарапшы мен антидопинг мамандарының ойынша, қазақ боксшысын қандай жаза күтіп тұрғаны немесе бұл жағдайдан сытылып шығуға мүмкіндігі бар-жоғы басты сұраққа айналған.
Боксшы тарапынан В сынамасын тез арада ашу талап етілді. Жауап 2026 жылға дейін белгілі болуы ықтимал.
Sports.kz порталы Fightnews.com редакторы Карл Фрайтэгке бірнеше сұрақ қойып, оның пікірін білді. Сарапшының айтуынша, бұл жанжал Жәнібектің мансабын құлататын деңгейдегі соққы емес.
– Жәнібек Әлімханұлының допинг дауына қатысты не ойлайсыз?
– Бұл өте оғаш жағдай. Мансабындағы шешуші айқас, үш чемпиондық белбеу, өміріндегі ең үлкен гонорар – дәл осындай сәтте осындай жағдайдың болуы таңғалдырады. Мен Жәнібектің мельдонийді әдейі қолданғанына сенбеймін. Бұл – бокс нәтижесіне айтарлықтай әсер ететін препарат емес. Әсіресе 42 жастағы Эрисланди Ларамен салыстырғанда. Жәнібек әрқашан таза спортты қолдайтынын айтып келді және жиі допинг-тест тапсырды. Бірақ Жәнібек мұны командасымен нақтылап алуы керек. Өйткені, ең азы – бұл оның командасында жауапты адамдардың салғырттығы. Ал әрі қарай… өзіңіз түсініп тұрсыз.
– В сынамасы теріс нәтиже көрсетуі мүмкін бе?
– Бұл өте төмен ықтималдық. Небәрі бірнеше пайыз деуге болады. Көп жағдайда В сынамасы А сынамасын растайды. Сондықтан дисквалификация қаупі жоғары. Мұндай жағдайда "таза шығып кету" өте сирек кездеседі.
– Жәнібек чемпиондық белбеулерінен айырылуы мүмкін бе?
– Егер В сынамасы да оң нәтиже берсе, бұл сөзсіз солай болады. Әр белбеу үшін ресми міндетті қарсылас бар. Оның үстіне, IBF пен WBO – WBC немесе WBA секілді жұмсақ ұйымдар емес. Олар допинг мәселесінде өте қатал, препарат әдейі қолданылса да, байқамай түссе де, ешқандай айырмашылық жасамайды. Жөнсіз жағдай, бірақ қағида солай.
– Егер В сынамасы расталса, оны қандай жаза күтіп тұр?
– Мельдоний бойынша тек бокста ғана емес, жалпы спортта өте қатал саясат жүргізіліп жатыр. Әсіресе посткеңестік елдердің спортшылары жиі зардап шегуде. Мысалы, Поветкин жағдайында ұзақ тергеуден соң жеңіл жаза қолданылды, өйткені оның ағзасындағы мельдоний мөлшері өте аз болған. Жәнібекте дәл сол сценарий қайталанады деп айта алмаймын. Егер допинг-бұзушылық 2025 жылдың соңында тіркелсе, идеалды жағдайда ол рингке келесі жылдың желтоқсанынан ерте оралмайды. Егер Жәнібек кінәсін мойындаса немесе тергеуге толық көмектессе – бұл жеңілдететін фактор болуы мүмкін. Ол бұған дейін ереже бұзбағанын ескерсек, 1 жылдық шеттету – ең ықтимал нұсқа.
– Дисквалификациядан кейін Жәнібек үлкен айқастарға қайта орала ала ма?
– Әрине, мен оны "көмуге" дайын емеспін. Тіпті белдіктерінен айырылған күннің өзінде ол қайта оралады деп сенемін. Бұл тез болмайды, бірақ оның жоғары деңгейге қайта шығу мүмкіндігі толық бар.