Олимпиада жүлдегері атанған қазақ спортшысы 3 жылға бас бостандығынан айрылды

Бүгін, 16:55 / Ахмет Қанатұлы
kolesa.kz

Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Дәулет Шабанбайға қатысты билік өкіліне күш қолдану фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс қаралып, ол үш жылға бас бостандығынан айрылды, деп хабарлайды Kazinform.

Тергеу материалдарына сәйкес, Дәулет Шабанбай 2025 жылдың 17 қыркүйегінде Павлодардағы дәмханалардың бірінде спирттік ішімдік ішкен. Кейін вокзалға қарай серуендеп барып, кері қайтып келе жатқанда оны 5512 әскери бөліміне қарасты сарбаздар тоқтатып, құжаттарын көрсетуін сұраған.

Прокурордың айтуынша, спортшы сарбаздарға күш қолданған:

"Айыпталушы әдейі Әлиевтің иық тұсына аяғымен бір рет теуіп, әрекетін балағат сөздермен жалғастырған. Осыдан кейін физикалық үстемдігін пайдаланып, ол бірден Мергембаевтың оң көзіне оң қолымен жұдырықпен соққы жасайды. Артынша қайтадан Әлиевтің бетіне тағы бір соққы жасаған", – деп оқыды айыптауды прокурор сотта.

Оқиға орнына жедел жеткен қызметкерлер Шабанбайды ұстап, оған билік өкіліне күш қолдану бабы бойынша қылмыс қозғалды. Спортшы өз кінәсін мойындап, қатты жаза қолданбауды сұрағанымен, прокурор 4 жыл бас бостандығынан айыруды талап етті.

Сот үкімі мынадай болды:

"Айыпталушыны ҚР ҚК 380-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау", – деді Павлодардың мамандандырылған қылмыстық істер сотының судьясы Айгүл Ахметова.

Айта кетейік, павлодарлық еркін күрес шебері Дәулет Шабанбай 2012 жылы Лондон Олимпиадасында қола медаль жеңіп алған еді.

Тэгтер:

Олимпиада Дәулет Шабанбай