Әлеуметтік желіде жас спортшының оқиғасы көптің жүрегін елжіретті. Алматы қаласындағы №5 мектеп-гимназияның түлегі Ерасыл Болатбек мектеп бітіру кешіне арнап жинаған ақшаны сән-салтанатқа емес, ел намысын қорғауға жұмсауды жөн көріпті. Жас дзюдошы бұл қаражатқа жарысқа барып, Азия кубогінде қола жүлде алып қайтқан. Оның бұл шешімі – жас буынға үлгі, ал жұрт оны нағыз патриот деп бағалауда, деп Sportinside.kz тілшісі Aqshamnews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
"Мектеп кешінен бас тарттым, өйткені ел намысы бәрінен биік"
Жас спортшының айтуынша, дзюдомен ол 10 жасынан бастап айналыса бастаған. Алғашқы қадамдарын ата-анасының қолдауымен жасаған Ерасыл бүгінде үлкен мақсаттарды көздейтін мықты спортшыға айналды.
"Мектеп бітіру кешіне ата-анам арнайы ақша жинап берген болатын. Бірақ мен бұл ақшаны Ташкентте өткен Азия кубогіне баруға жұмсадым. Бұл жарыста қола жүлде иелендім. Өз шешіміме еш өкінбеймін. Себебі бұл менің спорттық жолым үшін маңызды қадам болды", – дейді Ерасыл.
Жетістіктері аз емес
Бүгінде 17 жастағы Ерасыл Болатбек – Қазақстанның болашағы зор дзюдошыларының бірі. Оның соңғы жылдардағы басты жетістіктері мыналар:
- 🥉 2023 жыл – Қазақстан чемпионаты (Өскемен) – қола жүлде
- 🥇 2025 жыл – Қазақстан чемпионаты (Орал) – алтын жүлде
- 🥉 2025 жыл – Азия кубогі (Ташкент) – қола жүлде
Қазіргі уақытта ол Грузияда өтетін оқу-жаттығу жиынына қатысып жатыр.
"Мақсатым – Олимпиада чемпионы болу"
Ерасыл Болатбектің басты арманы – Олимпиада чемпионы атанып, Қазақстанның көк туын халықаралық ареналарда биікте желбірету.
"Спортпен кәсіби түрде айналысамын. Арманым – Олимпиадада ел намысын қорғап, алтын жүлде алу. Бос уақытымда серуендеуді, жаңа елдерге саяхаттауды және тәжірибе жинауды жақсы көремін", – дейді ол.
"Халық қолдауын сезіндім"
Желіде тараған бейнероликтен кейін Ерасылға ел тарапынан қолдау көп болған. Ол ешкімнен көмек сұрамағанымен, адамдар өз еркімен көрімдік ретінде қаржылай қолдау білдіріп, тілектерін жаудырған.
"Мен ешкімнен көмек сұраған жоқпын. Бірақ адамдар өздері хабарласып, банк картама көрімдік ретінде ақша аударып, тілектерін айтты. Бұл мен үшін үлкен моральдық қолдау болды", – дейді спортшы.