13 желтоқсан, сенбі күні Дубайда IBA қолдауымен өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатының финалдық жекпе-жектері болады, деп хабарлайды Sportinside.kz.
54 кг: Сәкен Бибосынов – Вячеслав Рогозин (Ресей)
Бұл – тәжірибе мен жас күштің айқасы. 28 жастағы Сәкен үшін бұл мансабындағы екінші әлемдік финал, ал 19 жастағы Рогозин үшін – өміріндегі ең маңызды сынақ.
Рогозин желтоқсанға дейін тек Ресей чемпионы болса, Бибосынов жаңа салмаққа толық бейімделгенін көрсетіп үлгерді. Ең басты сұрақ – финалда Сәкеннің соққылары әділ бағалана ма?
57 кг: Оразбек Асылқұлов – Хусравхон Рахимов (Тәжікстан)
Бұл салмақта өте тартысты финал күтіледі. Екі боксшы да өз мансабының ең биік сатыларының біріне шықты.
Оразбек соңғы жылдары мінезі мен шеберлігін қайта қалыптастырып, Дубайда өте ақылды, жылдам әрі мықты бокс көрсетіп жүр. Рахимов одан кем емес, сондықтан бұл финал көрерменге тамаша көрініс сыйламақ.
71 кг: Абылайхан Жүсіпов – Сергей Колденков (Ресей)
Сергей Колденков – финалға лайықты шыққан санаулы ресейлік боксшылардың бірі. Ол тұрақты, сенімді бокс көрсетіп келеді.
Ал Абылайхан Жүсіпов өзінің төртінші әлем чемпионатында алғаш рет алтын үшін айқасады. Бұл – екі мықты спортшының тең тартысты, нәтижесі алдын ала болжанбайтын жекпе-жегі.
75 кг: Сабыржан Аққалықов – Исмаил Муцольгов (Ресей)
Егер Ливерпульде болғандай күтпеген жағдай немесе төрешілердің ықпалы орын алмаса, бұл финалда анық фаворит бар. Ол – Муцольгов емес.
Сабыржан Аққалықов осы турнирде ерекше жарқырап, күш, дәлдік және бокстық IQ-ді тамаша үйлестіріп келеді. Бұл – оның финалы болуы тиіс. Ең бастысы – жекпе-жекке сыртқы факторлар араласпаса болғаны.