Қазақ боксшысы Санатәлі Төлтаев Дубайда (БАӘ) өтіп жатқан әлем чемпионатының ширек финалында рингке шықты, деп хабарлайды Sportinside.kz.
67 келі салмақ дәрежесінде жартылай финалға жолдама беретін маңызды кездесуінде ол Париж Олимпиадасының чемпионы, Өзбекстан боксшысы Асадхужа Муйдинхужаевпен кездескен. Жекпе-жек барысында Санатәлі Төлтаевтың бетіндегі жарақатқа байланысты төреші жекпе-жекті екі рет тоқтатуға мәжбүр болды.
Үш раундтық айқастың қорытындысында төрешілердің шешімімен (4:1) жеңіс Муйдинхужаевқа берілді. Осылайша өзбек боксшысы кем дегенде қола медальді еншіледі.
Санатәлі Төлтаев – Қазақстан боксының жарқын өкілдерінің бірі. 2025 жылы ол Эр-Риядтағы WBC/Riyadh Season Гран-при турнирінде өнер көрсеткен болатын, алайда ширек финалда сүрінді. Сондай-ақ ол 2025 жылғы Қазақстан чемпионы атанған.
Асадхужа Муйдинхужаев – Париж Олимпиадасының чемпионы және әлемнің екі дүркін чемпионы (2023, 2025).
IBA әлем чемпионаты 3 желтоқсанда басталды. Жүлде қоры – 8,32 миллион доллар. Турнирге әлемнің 118 елінен боксшылар қатысуда.