Дубайда өтіп жатқан IBA нұсқасы бойынша әлем чемпионатында отандасымыз Санатәлі Төлтаев сенімді жеңіске жетіп, ширек финалға шықты. Енді ол бокстан әлемдік аренадағы ең дау-дамайлы боксшылардың бірі – Өзбекстанның Олимпиада чемпионы Асадхуджа Муйдинхуджаевпен жекпе-жекке шығады, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Жанкүйерлердің ең үлкен сұрағы: бұл жолы қазақ баласы өзбек чемпионын жеңе ала ма?
67 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп жатқан Санатәлі Төлтаев бразилиялық Кассио Сантос Оливейруді төрешілердің бір ауыздан қабылдаған шешімімен жеңді. Бұл –Санатәлі Төлтаевтың дайындық деңгейінің жоғары екенін көрсететін айқын сигнал. Ол тактикалық тұрғыдан да, жылдамдық жағынан да қарсыласынан басым түсті.
Енді ширек финалда Санатәлі Төлтаев әлем чемпионы әрі Париж Олимпиадасының жеңімпазы Муйдинхуджаевпен жұдырықтасады. Алайда оның соңғы кездесуі оңай болмады: Армения өкілі Армен Машакарянға қарсы жекпе-жекте өзбек боксшысы зорға жеңіске жетті, бір төреші тіпті Машакарянды басым деп бағалаған (29:28). Бұл факт Муйдинхуджаевтың әлсіз тұстары бар екенін көрсетеді.
Асадхуджа Муйдинхуджаев қазақ боксшыларымен бірінші рет кездесіп тұрған жоқ. Биыл World Boxing ұйымдастырған әлем чемпионатында Муйдинхуджаев қазақстандық Ертуған Зейнуллиновты өте даулы шешіммен жеңген болатын. Жанкүйерлер мен сарапшылар бұл жекпе-жекте әділетсіздік орын алды деп санайды. Ал оған дейін, 2023 жылы Азиадада Асланбек Шымбергенов өзбек чемпионын шаршы алаңда шашып тастап еді. Бұл қазақ мектебінің өзбек боксынан кем түспейтінін дәлелдеген айқас болды.
Аналитикалық тұрғыдан қарасақ, Санатәлі Төлтаев қарсыласынан жылдамдық және қашықтықты сезіну, тактикалық тәртіп, соңғы жекпе-жекте көрсеткен сенімді басымдық жағынан жеңісті жұлып алуға қауқарлы.