Таза жеңісі ұрланды: Қазақ жігіті қарсыласын нокдаунға түсірсе де, жеңісті бермеді

8 желтоқсан, 2025 / Ахмет Қанатұлы
Қазақстан бокс федерациясы. Суретте: Ерасыл Жақпеков

Қазақстандық боксшы Ерасыл Жақпеков Дубайда (БАӘ) өтіп жатқан Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) ұйымдастырған әлем чемпионатында екінші жекпе-жегін өткізіп, күтпеген жеңіліске ұшырады, деп хабарлайды Sportinside.kz.

80 келі салмақ дәрежесіндегі 1/8 финалда ол турнир фавориттерінің бірі, ресейлік Джамбулат Бижамовпен күш сынасты. Үш раундқа созылған тартысты қарсыласта Жақпеков соңғы раундта Бижамовты нокдаунға түсіргеніне қарамастан, төрешілер шешімімен жеңіс ресейлік спортшыға берілді. Қорытынды есеп – 1:4.

Осылайша Ерасыл Жақпеков әлем чемпионатындағы жорығын тоқтатты, ал 2021 жылғы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Бижамов ширек финалға өтті.

Айта кетерлігі, бұл нәтиже – Қазақстан құрамасы үшін чемпионаттағы алғашқы жеңіліс. Бұған дейін ұлттық құрама спортшылары қатарынан 12 жекпе-жекте жеңіске жетіп, жоғары көрсеткіш көрсетіп келген.

Қазақстан командасы Дубайдағы додаға барлық 13 салмақ дәрежесінде қатысып жатыр. Әлем чемпионаты 13 желтоқсанға дейін жалғасады.