Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Дәулет Шабанбай Павлодарда қылмыстық іске байланысты сот алдында жауап бермек. Спортшыға билік өкілдеріне күш қолданды деген айып тағылып отыр. Қазіргі уақытта ол Павлодар қаласындағы тергеу изоляторында қамауда, деп хабарлайды 1bol.kz.
Ресми деректе былай көрсетілген:
"Сот өндірісінде Шабанбай Д.Е.-ге қатысты ҚР ҚК 380-бабының 4-бөлігінің 1-тармағы ("Екі және одан да көп билік өкіліне күш қолдану") бойынша қылмыстық іс қаралуда".
Сот Шабанбайды Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі аудандық сотына мәжбүрлі түрде жеткізу туралы қаулы шығарған. Аталған бап бойынша 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қарастырылған.
Павлодар облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Имашевтың айтуынша, 42 жастағы спортшы карьерасын бес жыл бұрын аяқтаған. Сол уақыттан бері тек бір рет Қазақстан чемпионатына қатысып, күміс медаль иеленген.
Шабанбайдың ең ірі жетістігі – 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының қола медалі. Бұл марапат оған тек 2022 жылы табысталды: бұған дейін жүлде алған екі балуанның допинг сынамалары оң нәтиже көрсетіп, Дәулет бесінші орыннан үшінші орынға көтерілген.
Бұған қоса, ол Азия чемпионатында бірнеше мәрте жүлдегер атанған (2008, 2009, 2011, 2014, 2016) және 2014 жылғы Азия ойындарында күміс медаль жеңіп алған.