Техас штатының Сан-Антонио қаласында өткен бокс кешінде кубалық чемпион Эрисланди Лара (31-3-3, 19 KO) венесуэлалық Йохан Гонсалеспен (36-4, 34 KO) қолғап түйістірді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Лара орта салмақтағы WBA әлем чемпионы атағын қорғау үшін рингке шыққан. 12 раундқа жоспарланған жекпе-жек толыққанды өтіп, кубалық боксшының айқын басымдығымен аяқталды. 118-108, 119-107, 120-106 есебімен төрешілер бірауыздан Лараны жеңімпаз деп таныды.
Бұдан бөлек, Эрисланди жекпе-жек барысында қарсыласын екі рет нокдаунға жіберді. Осылайша, Лара өзінің мансабындағы 32-жеңісіне қол жеткізіп, чемпиондық белбеуін сәтті қорғады. Ал Гонсалес кәсіпқой бокстағы бесінші жеңілісіне ұшырады.
Айта кетейік, бастапқыда Лараның қарсыласы орта салмақтағы WBO/IBF чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 KO) болуы тиіс еді. Алайда жекпе-жекке бірнеше күн қалғанда оның допинг-тестінен мельдоний атты тыйым салынған зат анықталып, Жәнібек жекпе-жектен шеттетілді.