Дубайда (БАӘ) өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатында Сәкен Бибосынов алғашқы кездесуін сенімді жеңіспен бастады, деп хабарлайды Sportinside.kz.
54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Сәкен Бибосынов жарысты бірден 1/16 финалдан бастап, алғашқы қарсыласы Ботсвана боксшысы Катлего Кеорапецемен кездескен. Сәкен жекпе-жекті толық бақылауда ұстап, төрешілердің шешімімен жеңіске жетті.
Осы нәтижемен Сәкен Бибосынов 1/8 финалға жолдама алды, ал Кеорапеце турнирдегі өнерін аяқтады.
Айта кетейік, Сәкен Бибосынов Токио-2020 Олимпиадасының қола жүлдегері, 2021 жылғы әлем чемпионы, 2019 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия чемпионатында екі мәрте жүлдегер атанған (2022 – күміс, 2021 – қола).