"Мұның бәрі өтірік": Жәнібек Әлімханұлының допингіне қатысты шұғыл хабар тарады

6 желтоқсан, 2025 / Ахмет Қанатұлы
No Limit Boxing. Суретте: Жәнібек Әлімханұлы

Ресей бокс федерациясының жаттықтырушылар кеңесінің төрағасы Эдуард Кравцов қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлының айналасындағы допинг дауына қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Еске салсақ, 7 желтоқсанда өтеді деп жоспарланған Жәнібек пен Эрисланди Лара арасындағы WBO, IBF және WBA чемпиондық белбеулері үшін жекпе-жек жекпе-жекке бір күн қалғанда тоқтатылды. Себебі Жәнібектің сынамасынан тыйым салынған мельдоний табылғаны белгілі болды.

Эдуард Кравцов бұл жағдайдың әдейі жасалған әрекет емес екенін және мельдонийдің кәсіби боксшыға ешқандай артықшылық бермейтінін мәлімдеді:

"Мен бұл жерде әдейі жасалған "подстава" да, қастандық та жоқ деп ойлаймын. Милдронаттың өзі Жәнібекке еш пайда әкелмес еді. Жоғары деңгейдегі спортшыға оның әсері тым әлсіз. Терапиялық мақсатта қарапайым адамдарға көмектесуі мүмкін, бірақ боксшы оны допинг ретінде қолданды деу – бос сөз. Мельдоний ағзадан өте баяу шығатын зат. Қазір спорттық қоспалардың көбі құрамын толық көрсетпейді, ішінде бұл зат бола тұра, жапсырмада жазбайтын жағдайлар да кездеседі. Мұндай мысалдар жиілеп кетті", – деді ол.

Кравцов сондай-ақ санкциялар спорттық ұйымдардың шешіміне байланысты болатынын айтып өтті:

"Бұл препараттың сипатына қарай жаза ұзақ болмайды деп ойлаймын. Егер Жәнібекке дисквалификация берілсе де, мерзім аяқталған соң ол чемпиондық белбеуге міндетті үміткер ретінде қалуы мүмкін", – деді ол.

Тэгтер:

Бокс Жәнібек Әлімханұлы Эдуард Кравцов