Алматылық "Қайрат" клубы Чемпиондар лигасының ширек финалына өтті

5 желтоқсан, 2025 / Ахмет Қанатұлы
"Қайрат" футзал клубының баспасөз қызметі. Суретте: Біржан Оразов

Алматылық "Қайрат" футзал клубы бельгиялық "Андерлехт" командасын жеңіп, УЕФА Чемпиондар Лигасының 2025/26 маусымындағы ширек финалға жолдама алды, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Командалар 1/8 финал аясында екі матч өткізді. Жауапты ойын Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтіп, 5:3 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталды.

Жеңіс голдарын Қазақстан құрамасының ойыншылары соқты. 7-минутта Жахангир Рашит есеп ашса, Біржан Оразов 23 және 33-минуттарда дубль жасады. 37-минутта бразилиялық қақпашы Жоао Пауло бос қақпаны дәл көздесе, 40-минутта тағы бір бразилиялық ойыншы Атирсон Сильва есеп айырмасын ұлғайтты.

Қонақ команда сапында әзербайжандық Эду 15-минутта гол соқты. Ал пенальтиден Грелло (18-минут) мен Стивен Дильен (40-минут) көзге түсті.

Алғашқы матчта да "Қайрат" жеңіске жеткен еді. Екі ойын қорытындысы бойынша алматылықтар бельгиялық клубтан 12:6 есебімен басым түсті.

Қазақстанның қазіргі чемпионы енді ширек финалда Испанияның "Картахена" клубымен немесе Мальтаның "Луксол Сент-Эндрюс" командасымен кездеседі.

Тэгтер:

Қайрат Чемпиондар лигасы футзал