Өзбекстан құрамасы атынан өнер көрсететін этникалық қазақ Арман Маханов Дубайда (БАӘ) өтіп жатқан Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) ұйымдастырған әлем чемпионатында алғашқы жекпе-жегін өткізді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
1/16 финалда аса ауыр салмақта (92 келіден жоғары) Арман Маханов IBA-PRO-2 лигасының өкілі Кристофер Эндрю Томпсонмен қолғап түйістірді. Кездесу айқын жеңіспен аяқталды: 2-раундта рефери Томпсонға нокдаун санады. Ал 3-раундта Маханов қарсыласын таза нокаутқа жіберді, осыдан кейін төреші жекпе-жекті тоқтатты.
Бұл жарқын жеңіс Арман Махановқа келесі кезеңге өтуге мүмкіндік берді, ал Томпсон әлем чемпионатындағы жорығын аяқтады.
Айта кетейік, Арман Маханов өнер көрсететін Өзбекстан құрамасы әлем чемпионатына барлық 13 салмақ дәрежесінде қатысып жатыр. IBA өткізетін турнир 13 желтоқсанға дейін жалғасады.